Құлбарақ батыр жайында
Киелі Маңғыстау топырағының дүлдүл ақыны Абыл Тілеуұлы (1777-1864) Құлбарақ батыр жайында:
Ар жағың Есболай Итемгеннен,
Келеді айқын жүйрік ит өлгеннен...
Құлбарақ туып еді Табылдыдан...
Құлбарақ батыр, Беріш – Қаратоқай руынан шыққан, Маңғыстаудың Әулие батыры. Сонау аласапыран кезі Маңғыстау жеріне қиғыштай ұрлана тиген Ресей мен Хиуа хандығына қарсы күрескен батырлардың бірі. Сол тонаушылық,шапқыншылық соғыстың бір кезінде 1832 жылы Хиуаның ханы Аллақұлдың Адайдың Сүйінғара батырын қолға түсіру мақсатында Маңғыстау жеріне 3000-дай әскерімен Сүйінғара алуылын шауып кетеді. Қазақ батырлары 500-800дей аз-ақ артынан қуып жетіп, Қарнау деген жерде шайқас басталады. Бұл жер тарихта Қырғын сай деп аталады. Осы шайқаста Құлбарақ батыр қаза болады. Хиуаның әскерлері оны Сүйінғара батыр деп ойлап, батырдың басын Хиуа ханына алып кетеді. Ол кезде Хиуа ханы Аллақұлдың қолыында Айсалқам және Байсалқам деген Сүйінғараның екі қарындасы болған. Табаға салып әкелген жансыз басты Ханға көрсеткенде,жанындағы екі қарындасы бірден "Бұл, Құлбарақ ағаның басы ғой..!" деп танып қалады. Сол кезде табадағы Құлбарақ батырдың жансыз басы хан көзінше күлген екен. Бұл құбылыс мыңның бірінен келе бермейтіні өзімізге дәлел. 1993 жылы күзде 22 адам Хиуадағы Ишан қаласындағы Құлбарақтың «Бас әулие» деп аталатын қасиетті орынға барып қайтты. Олар сол батырдың ұрпақтары еді. Кейін барған ұрпақтары қара мрамордан дайындалған құлыптасты Құлбарақ басына қоймақ болған. Бірақ ЮНЕСКО-ның арнайы рұқсаты керек болғандықтан қойылмады. Ол тас кейінірек Хиуадан Тигенге әкелініп, Құлбарақтың «Дене әулиесіне» қойылды. Хиуадағы мұражайдың экскурсия жетекшісі Юсупов Сабур батырдың әруағы жайында тағы мынаны паш етіпті: Басты Аллақұл аса таяққа іліп қойған, бірақ бас тұрмай құлай берген, үш рет ілген, үшеуінде де құлаған. Сонда үрейленген Аллақұл хан иесінің тегін адам емес екенін сезіп, «Басты» арулап жерлеуге әмір берген - деген екен. Құлбарақ жайында аңыздар өте көп. Батырдың ерлігін тілге тиек еткен сол кездегі ақындардаң бірі Абыл ақын Қарнаудың қырғынын былай суреттейді:
...Бүркітәлі өлді ұрыста Кежісімен,
Жапақтан Жәңгіл өлді інісімен
Өлді ерлер алған беттен таймайтұғын
Жақсылар өлді елді сыйлайтұғын.
Ішегін сүйретілген жинай жүріп
Медетте Ізбас өлді қимайтұғын.
Мырзатай өлерінде ерлеп өлді,
Қылышын ит дұшпанға сермеп өлді.
Мырзатай кім-кімнен де батыр еді,
Тіріде жауға намыс бермеп еді.
Досы өлді Тағанұлы көп Зорбайдан,
Кебекпен жетеу өлді Табынайдан...
Беріштен Құлбарақ өлді нанғысыз-ай,
Басы жоқ, кеудесі бар, ыңғайсыз-ай...